Мүбәрактан биік, Чаушескуден аласа
Путиннің бұрынғы 86 пайыз деген рейтингі 2015 жылдың жазында-ақ ескіріп қалған еді. "Левада" орталығының шілде айында жүргізген сауалнамасы қорытындысы бойынша, Ресей президентінің рейтингі жазда 89% пайызға жеткен болатын.
ВЦИОМ мәліметтеріне қарағанда, 89,9 пайыз деген рейтингімен Путин Әзербайжан президенті Илхам Әлиевті басып озған. Соңғы әлеуметтік сауалнамадан Әлиевті елдің 89,7 пайыз тұрғыны қолдайтыны анықталды.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон да Путиннен артта қалды. Ол 2013 жылы өткен президент сайлауында бар-жоғы 83,92 пайыз дауыс алған еді.
Есесіне Қазақстан президенті Нұрсұлтан Наразбаевтың рейтингіне жету үшін Путинге әлі де "өсу" керек. 2015 жылы өткен президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев 97,75% пайыз дауыс алған еді.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Ашғабадтағы өзінің алтын ескерткішімен мақтана алады. Бірақ ол 2012 жылы өткен президент сайлауында Назарбаевқа жете алмады. Бердімұхамедовті Түркіменстан халқының 97,14% пайызы ғана қолдайды.
Ирак конституциясы бойынша 1995 жылдан бері мемлекет басшысы 7 жыл мерзімге сайланады. Осы жылы 15 қазан күні Саддам Хуссейн сайлауда 99,96 пайыз дауыс алған еді. Ал 2002 жылғы референдумда оны Ирак халқының 100 пайызы "қолдаған". Бір жыл өткенде Хусейн Ад-Даур маңындағы жер үйдің жертөлесінен табылды. 2006 жылы 5 қараша күні Ирактың Жоғарғы қылмыстық трибуналы Хуссейнді шииттердің өліміне айыптап, дарға асу туралы үкім шығарды. Үкім 30 желтоқсан күні орындалды.
Румыния президенті Николае Чаушескудің рейтингі 1989 жылы 25 желтоқсанда әйелімен бірге атылардан сәл бұрын 90 пайыздан астам болған. Чаушеску басқаратын "Социалистік бірлік майданы" да (бұл ұйымға елдің коммунистік партиясы, кәсіподақтары, қоғамдық ұйымдары кіретін) сайлауда 90 пайыздан астам дауыс жинаған еді.
2005 жылы Египет президенті Хосни Мүбәрак осы елде өткен алғашқы "баламалы сайлауда" 88,6 пайыз дауыс алып, өзінің алтыншы президенттік мерзіміне кіріскен еді. Алты жыл өткенде, 2011 жылы ақпанда халық толқуы кесірінен ол сотқа тартылып, "бейбіт шерушілердің өліміне себепкер болды", "елді коррупцияға батырды" деген айыптармен өмір бақи түрмеде отыру жазасына кесілді. 2014 жылы оған тағылған кейбір айыптар алынып тасталды. Мүбәрактың жаңа соты қарашада басталады.
Биліктен құларының алдында ғана - 2009 жылы өткен президент сайлауында Тунис президенті Бен Әли сайлаушылардың 89,62 пайыз дауысын алған еді. Халық көтерілісі кесірінен биліктен шеттетілген оған 2011 жылы 20 маусым күні 35 жыл түрмеде отыру және 40 миллион еуро айыппұл төлеу үкімі шықты. Бір жылдан кейін Тунис әскери трибуналы Бен Әлиді "бейбіт шерушілерді өлтіргені" үшін өмір бақиға түрмеге кесті.
Суретте: Бен Али Сауд Арабиясына қашып кеткеннен кейін бұрынғы мемлекет басшысы мен оның әйеліне қарсы өтіп жатқан сотқа "іздеу саламын" деген жазумен Бан Алидің суретін мойнына іліп келген азамат.
Бұрынғы Совет Одағы елдеріне оралайық. Ташкенттегі сайлауалды насихат плакатында бейнеленген Өзбекстан президенті Ислам Каримов бұл елді 1990 жылдан бері басқарып келеді. Оның рейтингі кейінгі жылдары үздіксіз "құлдырады". Мәселен, 2007 жылғы сайлауда Каримов 90,76 пайыз дауыс алса, 2015 жылғы сәуірдегі сайлауда ол - 90,39 пайыз ғана дауыс жинады.
Бұрынғы Совет Одағы елдерінде де жоғары рейтинг билікті нығайтудың кепілі бола алмайды. Бұл жердегі әңгіме СССР президенті ретіндегі соңғы сапарын Бішкекке жасаған Михаил Горбачев туралы емес. Суреттің артқы планындағы сол кездегі Қырғыз ССР-і басшысы Асқар Ақаевқа назар аударыңыз. Ол 2000 жылы Қырғызстанда өткен президент сайлауында 76,4 пайыз дауыс алған еді. Бірақ бес жылдан соң, "Қызғалдақ төңкерісі" кесірінен елінен қашуға мәжбүр болды.