Ресейдің көлік саласын қадағалайтын федералдық қызметі – «Ространснадзор» мекемесі «Когалымавиа» (2012 жылдан бастап Metrojet деп аталады) әуе компаниясының Airbus A-321 ұшақтарының ұшуын тоқтатқан. «Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, «Ространснадзор» аталған компанияның дәл осындай жолаушылар ұшағының не себепті апатқа ұшырағаны анықталғанша ұшуды тоқтата тұруды ұйғарған.
Бұған дейін «Когалымавиа» өкілдері компания пайдаланатын өзге А-321 ұшақтарының ұшуын тоқтатпайтынын және олардың барлығының техникалық жағдайы дұрыс екенін мәлімдеген еді. Әуе тасымалы қызметін көрсететін компания сайтында оның пайдалануындағы тоғыз ұшақтың жетеуі – А-321 ұшағы деп көрсетілген.
31 қазанда Египеттің Шарм-эш-Шейх курортты қаласынан 9268-рейсімен Ресейдің Санкт-Петербург қаласына ұшып шыққан «Когалымавиа» әуе компаниясының Airbus A-321 жолаушылар ұшағы Синай түбегіне құлап, ұшақтағы 224 адам (арасында 25 бала бар) түгелдей опат болған.
Египет әуе саласы қызметінің өкілдері ұшақ апатына техникалық ақау себеп болған дегенді ең ықтимал болжам санайды. Бұған дейін соңғы аптада A-321 экипажы ұшақ қозғалтқышын оталдырған кездегі қиындықтар туралы техникалық қызметке бірнеше рет хабарлапты-мыс деген ақпараттар тараған еді.
«Ространснадзор» өкілдері «Когалымавиа» әуе компаниясын тексеру қарашаның соңына дейін жалғасатынын айтқан.
Бүгін Ресейде ұшақ апаты құрбандарын аза тұту күні деп жарияланған.