Ресейге ұшақ құрбандары сүйегін жеткізіп жатыр

Санкт-Петербург әуежайына жеткізілген ұшақ апаты құрбандарының сүйегін ұшақтан түсіріп жатыр. Ресей, 2 қараша 2015 жыл.

Ресейге Египеттің Синай түбегінде апатқа ұшыраған ұшақта қаза тапқандардың сүйегі бар екінші ұшақ жетті. Ресей төтенше жағдайлар министрлігі ұшағы Ресейге бұған қоса құрбандардың жеке заттарын, оның ішінде төлқұжаттарын да жеткізді. Ұшақ апатқа ұшыраған аумақтан 118 адамның төлқұжаты, оның ішінде Украинаның екі, Беларусьтің бір азаматының құжаты табылған.

Кеше Санкт-Петербургке алғашқы ұшақпен 144 адамның сүйегі жеткізіліп, мәйітердің кім екенін анықтау басталған. Санкт-Петербург билігінің нұсқауы бойынша, құрбандарды аза тұту 5 қарашаға дейін созылады.

Ресейдің "Когалымавиа" (Metrojet) компаниясына тиесілі Airbus A321 ұшағы 31 қазанда Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласынан Санкт-Петербургке ұшып шыққанында апатқа ұшыраған. Ұшақ бортында болған 224 адамның барлығы қаза тапты.