Оралдағы наразылық танытушыға сот ескерту берді

Ақтоты Нұрғалиева сот залында отыр. 3 қараша 2015 жыл

Оралдың әкімшілік сотының судьясы Ботагөз Баймұқанова 3 қарашада Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінің алдында биыл қыркүйекте наразылық акциясын өткізген Ақтоты Нұрғалиеваға ескерту жасады.

51 жастағы Орал тұрғыны Ақтоты Нұрғалиева жиһаз цехімен көршілес қонысын көшіру туралы үш мәрте пикет өткізген. Ол үйінің қасындағы кәсіпорынмен көрші болудың жайсыздығын айтып, цехке жер заңсыз түрде берілген деп санайды. Нұргалиева әкімдіктен өзін өндіріс зонасынан көшіруді сұрайды. Қала басшылығы оның уәждерімен келіспейді, талаптарын кері қайтарады.

15 қыркүйекте Ақтоты Нұрғалиева қала мен облыс әкімдіктерінің алдында наразылық санкциясын өткізіп тұрғанда оны полиция ұстап әкеткен. Арада бір жарым ай өткесін барып оған байланысты сот отырысы өтті.