Батыс Қазақстан облыстық апелляциялық істер жөніндегі соты жұма күні бұған дейін Теректі аудандық сотының экс-шенеунік Иса Бекетовке шығарған үкімінің күшін жойып, тұтқынды қамаудан босату және оған үш жылға еркіндігін шектеу жазасын тағайындау туралы шешім шығарды.
11 қыркүйекте Теректі ауданының 2-соты «Теректі мал жәрдемі» мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы директоры Иса Бекетовті «қызмет өкілетін теріс пайдаланғаны» және «мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны» үшін айыпты деп танып, оны бес жылға бас бостандығынан айырған. Бекетовтің дүние-мүлкі тәркіленіп, оған бес жыл мерзімге дейін мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салынатыны айтылған үкім жарияланысымен ол сот залында тұтқынға алынған еді.
49 жастағы Иса Бекетов 2 қыркүйекте өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеп, Астанада жоғарғы сот және Ақорда алдында наразылық акциясын өткізіп, өзінің үстінен қозғалған іс бойынша сотты әділ өткізуді талап еткен.