Тайвань мен Қытай басшылары алғаш рет кездесті

Тайвань президенті Ма Инцзю (сол жақта) және Қытай президенті Си Цзиньпин.

Тайвань мен Қытайдың жоғарғы билік басшылары 66 жылдан бері алғаш рет бір-бірімен кездесіп, қол алысты деп хабарлайды ақпарат агенттіктері.

Тайвань президенті Ма Инцзю мен Қытай президенті Си Цзиньпин бүгін Сингапурдегі «Шангри-Ла» қонақүйінде кездескен.

AFP агенттігінің хабарлауынша, Си Цзиньпин кездесуде «екі тарапқа бірге жұмыс істеуге болады» деген. Сонымен бірге ол Тайвань мен Қытайды «бір отбасы» деп сипаттаған.

«Екі жақтың өзара қарым-қатынасының тарихы қандай да болмасын қайшылықтарға қарамастан бізді бір-бірімізден ажырататын күш жоқ екенін дәлелдейді, өйткені біз – бір отбасымыз» деп мәлімдеген коммунистік Қытай басшысы.

Бұған дейін Тайвань жетекшісі Ма Инцзю Си Цзиньпинмен кездесу ресми екі тарап арасында жоғарғы деңгейдегі тұрақты диалогтың бастауы болады деп үміттенетінін айтқан еді.

Тайваньдағы оппозициялық күштер Ма Инцзюдің президенттік өкілеті аяқталар тұста Пекиндегі коммунистік билік басшылығымен кездесу шешімін сынға алған. Тайбейде бұл кездесуге қарсылық акциялары өткен.

1949 жылы Мао Цзедунь басқарған Қытай коммунистік партиясы билікке келген соң Чан Кай-Ши бастаған Гоминьдан үкіметі Тайванға қашқан болатын.