Ресей Египеттен туристерін әкетіп жатыр

Шарм-эш-Шейх қаласы әуежайындағы жолаушылар. Египет, 6 қараша 2015 жыл.

Ресей соңғы бір тәулікте Египеттен 11 мыңға жуық адамын әкетті. Таяу уақытта тағы осыншама адам Египеттен әкетілуі мүмкін. Жолаушыларға ұшаққа тек қол сөмкемен кіруге рұқсат етілген. Жолаушылардың қалған жүктерін жүк ұшағы алып кетеді. Бұл қадам әуежайдағы тексеру процедурасы мен қауіпсіздік деңгейіне қатысты алаңдаушылық барын көрсетеді.

Ресей вице-премьері Аркадий Дворковичтің сөзінше, үш топтан тұратын инспекторлардың алғашқы тобы Египетке әуежайлардағы қауіпсіздік талаптарын тексеруге кеткен.

31 қазанда Шарм-эш-Шейх қаласынан Санкт-Петербургке ұшып шыққан Ресейдің "Когалымавиа" компаниясына тиесілі Airbus A321 жолаушылар ұшағы Синай түбегінде апатқа ұшыраған. Апаттан борттағы 224 адам түгел қаза тапқан. Соңғы мәліметтер бойынша, ұшақ әуеде жарылып кеткен.

Египет тергеу комиссиясының басшысы ұшақ апатына себеп болуы мүмкін болжамдардың барлығы тексеріліп жатқанын айтады. Кеше ұшақтың ұшқыштар кабинасындағы сөздерді жазып алатын құрылғысы соңғы сәтте ерекше дыбысты жазып алғаны хабарланған.

Соңғы мәліметтер бойынша, Египетте, оның ішінде Шарм-эш-Шейх және Хургада шипажайларында 80 мыңға дейін ресейлік турист болуы мүмкін.