АҚШ-тың тұтқындарды Душанбеге бергенін сынады

Гуантанамо түрмесі.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) демократиялық инстуттар және адам құқығы бюросы АҚШ-тың Гуантанамо әскери базасында жазасын өтеп жатқан сотталушыларды Тәжікстанға бергенін сынады.

Адам құқығы және Гуантанамо базасындағы жазасын өтеушілерді қамауда ұстау жағдайы туралы есебінде бюро 2002-2003 жылдары базада тәжік тергеушілері тәжікстандық тұтқындар Ркниддин Шарофов, Мукит Вохидов пен Мазхариддин Фазлуллоға қысым жасағанына қарамастан оларды Тәжікстан билігіне тапсырғаны айтылады.

ЕҚЫҰ мамандары тәжікстандық тергеушілер "сотталушыларды тергеу кезінде оларды азаптап, қинап мойындатқан" дейді.

Тәжікстанның жоғарғы соты Исфара тұрғындары Вохидов пен Шарофовты 2007 жылы мемлекеттік шекараны заңсыз кесті және "Өзбекстан ислам қозғалысы" террористік ұйымы құрамында шетелдерде соғысқа қатысты деген айыппен 17 жылға соттаған. Тәжік тергеушілерінің мәліметінше, екі сотталушы да "Өзбекстан ислам қозғалысына" 2001 жылы қосылып, заңсыз Ауғанстанға өтіп кеткен. Бірақ сотталушылардың туыстары оларды Тәжікстаннан кетерде "Ресейге жұмыс істеуге кетіп бара жатырмыз деген" дейді.