Әлем елдерінің басшылары Түркияда өткен "Үлкен жиырмалық" (G20) мемлекеттері саммитінде Париждегі терактілерден соң экстремизмге қарсы шараларды күшейтуге келісті.
Саммитке қатысушылар барлау мәліметтерімен бөлісу, террористерді қаржыландыру көздерін жою, Еуропа шекарасында бақылауды күшейту бойынша өзара іс-қимылды нығайтуға уағдаласты.
16 қарашада - екі күнге созылған саммиттің соңғы күнінде Германия канцлері Ангела Меркель "Жиырмалық" елдері экстремистерден төнетін қауіпке тек әскери жолмен жауап беру мүмкін емес деген пікірді қуаттайтынын айтты.
Ресей президенті Владимир Путин терроризммен күресте, оның ішінде Сириядағы жағдайды реттеуде күш біріктіру бірінші міндет деп санайтынын жеткізді.
Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон келесі жылдың басында өз елінде босқындар мәселесіне байланысты донор елдердің конференциясын өткізу ниеті барын мәлімдеді.
16 қарашада Путинмен кездескен Кэмерон Сирия қақтығысын реттеуге қатысты Батыс елдері мен Ресей ұстанымдарының "бір-бірінен өте алшақ қалып отырғанын" айтты. Бірақ ол бұл мәселеде тараптар ымыраға келуге дайын екенін білдіргенін хабарлады.