Берлинде "ИМ ықпалындағы" екі күдікті ұсталған

Берлиндегі мешіт жанында тұрған әйел мен полиция жасағы. (Көрнекі сурет.)

Берлин полициясы «мемлекетке қатер төндіретін үлкен зорлық-зомбылық әрекетін жасауға дайындалған» деген күдікпен екі адам ұсталғанын хабарлады.

DPA агенттігінің ақпаратында ұсталған екі адамның «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобының ықпалына түскен деген күдікке ілінгені айтылған.

Германиялық ақпарат құралдары ұсталғандардың бірі Сирияның, екіншісі – Тунис азаматы деп хабарлады. Күдіктілер полицияның екі жерге, оның ішінде ислам мәдени орталығына жасаған рейді кезінде ұсталған.

Полиция «Берлинде зорлық-зомбылық актісін жасау» белгілері болмағанын айтады.

Кейбір ақпараттар бойынша, полицияның рейд жасауына елдің солтүстік-батысындағы Дортмунд қаласында шабуыл жасалуы мүмкін деген ақпарат себеп болған.

Бұған дейін, 25 қарашада Германия канцлері Ангела Меркель Парижде 13 қарашада ИМ содырлары жасаған терактілерден соң Германиядағы террорлық қауіп-қатер әлі де ең жоғары деңгейде тұрғанын мәлімдеген.