Ауғанстан билігінің мәліметінше, «Талибан» қозғалысының басшысы Мулла Ахтар Мансур Пәкістандағы содырлар жетекшісімен сөзге келіп қалған соң болған атыста қатты жараланған. Ауғанстан президентінің бірінші орынбасарының баспасөз хатшысы Сұлтан Файзидің Азаттықтың Ауған редакциясына хабарлауынша, жаралы Мансур ауруханаға түскен.
Бірақ «Талибан» қозғалысының өкілі Забиулла Муджахид мұндай оқиға болғанын жоққа шығарды.
Мансур биыл шілде айында, Ауғанстан билігі «Талибанның» бұрынғы басшысы Молла Омардың екі жыл бұрын Карачиде қайтыс болғанын хабарлаған соң, ұйым басшысы болып жарияланған. Бұдан соң қозғалыстың өз ішінде жік пайда болғаны бірден байқалған. Кейбір командирлер Мансур билігін мойындаудан бас тартқан.
Ауғанстан билігінің дерегінше, Мансур «Талибанның» басқарушы кеңесі орналасқан Пәкістанның Кветта қаласында өткен кездесуге қатысқан. Файзидің айтуынша, Мансур жиында командирлердің бірі Мулла Абдулла Сардаримен шекісіп қалған.