Козловтың өтінішін қарайтын судьяға қарсылық танытты

Владимир Козлов құқыққорғаушылармен кездесіп отыр. Заречный түрмесі, Алматы облысы. 21 шілде 2015 жыл.

Оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы шағымын қарап жатқан Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының судьясы Мэльс Ыдырысовқа адвокат қарсылық білдірді. Бүгін Қапшағай маңындағы Заречный кентіндегі түрмеде өткен көшпелі сот отырысында үзіліс жарияланды. Бұл туралы Азаттыққа сот өтіп жатқан жерде судьяға қарсылық білдірген Козловтың адвокаты Айман Омарова хабарлады.

Бұған дейін тұтқын Козлов түрме әкімшілігі мен адвокаты арқылы сот отырысының ашық болуын және оған журналистерді қатыстыруды сұрап өтініш берген. Сот материалдарында бұл өтініш болмаған. Осыған байланысты Омарова бүгінгі сотта бұл өтініштерді ауызша жеткізген. Бірақ судья Ыдырысов оның өтінішін қабылдаудан бас тартқан. Бұдан соң Омарова «сот процесін соттың ашықтығы, тараптардың тең құқықта болуы сияқты әділетті сот өткізудің негізгі ұстанымдарын бұза отырып бастаған» судьяға қарсылық танытқан.

Адвокаттың сөзінше, судьяға қарсылық беру туралы өтінішті қарау мерзімі қосымша хабарланбақ.

Қазақстанда ресми тіркелмеген «Алға» оппозициялық партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде «әлеуметтік алауыздық туғызған» деген айыппен сотқа тартылып, 2012 жылы жеті жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Қазақстандық кейбір құқық қорғау ұйымдары оны «саяси тұтқын» деп таныған.

Владимир Козлов қазір жазасын Алматы облысының Заречный кентіндегі ЛА155/14 түзеу мекемесінде өтеп жатыр.