Ирак сыртқы істер министрлігі Бағдаттағы Түркия елшісін шақыртып, түрік әскери ротасының Ирак аумағына енуіне байланысты наразылық білдірді. Бұл туралы сенбі күні Reuters агенттігі хабарлады.
Ирактың солтүстігіндегі екінші үлкен қала – Мосул түбіне түрік әскери ротасы орналасуы ресми Бағдаттың наразылығын туғызып отыр. CNN Turk телеарнасының хабарлауынша, Иракқа түркиялық 130 әскери қызметкер күрдтердің «Пешмерга» жасағын жаттықтыру бағдарламасы аясында апарылған. Бұл бағдарлама екі жылдан астам уақыттан бері жалғасып келеді.
Бұдан бірнеше ай бұрын «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының содырлары Ирактың солтүстігіндегі біршама жерді, соның ішінде Мосул қаласын да басып алған еді.