БҚО: Интернетте видеосы шыққан шенеунік қызметтен кетті

Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік қызмет істері және коррупцияға қарсы іс-қимыл департаменті басшысының ,бұрынғы орынбасары, тәртіптік кеңестің бұрынғы төрағасы Нұрлан Сүйінбаев.

Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік қызмет істері және коррупцияға қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары, тәртіптік кеңестің төрағасы Нұрлан Сүйінбаев қызметінен "өз еркімен босады". Бұл туралы бүгін Оралда өткен брифингте мемлекеттік қызмет істері және коррупцияға қарсы іс-қимыл департаменті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Мірболат Нұртазин хабарлады. Бұған дейін интернетте Сүйінбаевтың ыңғайсыз жағдайда түсіп қалған видеосы тараған.

Нұртазиннің айтуынша, 7 қазанда Атырауда жол полициясының шенеуніктердің жұмыс уақытынан тыс мезгілде қызметтік көлікті пайдаланатынын анықтау рейді кезінде Сүйінбаев полицияның жүргізуші куәлігін көрсету туралы талабына тәртіптік кеңес төрағасы екенін растайтын куәлігін көрсеткен. Сүйінбаевтың қызметтік куәлігін көрсеткен сәтін журналистер видеоға түсіріп алып, интернетке салған.

Бұған дейін Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік қызмет істері және коррупцияға қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметі Сүйінбаев полиция тексеруі кезінде қызметтік көлігін емес, өзінің көлігінде болғанын хабарлаған еді.