Венесуэла: парламент сайлауында оппозиция жеңіске жетті

Венесуэла президенті Николас Мадуро.

Венесуэлада өткен сайлау нәтижесінде оппозиция парламенттегі орындардың үштен екісіне ие болды. Парламентте басымдыққа ие болу оппозицияға президент Николас Мадуро мен соңғы 17 жыл бойы билікте отырған Біріккен социалистік партияға кәдімгідей тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.

8 желтоқсан күні кешкісін Венесуэла сайлау кеңесі 6 желтоқсанда өткен парламент сайлауының түпкілікті нәтижесін жариялады. Ел парламенті – Ұлттық ассамблеядағы 167 орынның 112-сіне оппозициялық партия альянсы ие болған. Бұл социалистік үкіметтің саяси бәсекелестеріне жоғарғы сот судьяларын ауыстыруға, ел конституциясына өзгерістер енгізуге, тіпті президент Мадуроға импичмент жариялайтын жағдай тудыруға мүмкіндік береді.

Жеңіске жеткен оппозицияның кейбір өкілдері өкілеті 2019 жылы аяқталатын президентті биліктен кетіру процесін бастауға шақырып та үлгерді. Оппозицияның ұстамды қанаты президентті мұнайға бай Венесуэла экономикасын «бұрын-соңды болмаған экономикалық дағдарысқа әкеп соқтырған» шаралардан бас тартуына мүмкіндік беру үшін онымен диалог жүргізу керек деп санайды.