Айдын Айымбетовке арналған марка айналымға енді

Айдын Айымбетов халықаралық ғарыш станциясына ұшар алдында. Байқоңыр, 2 қыркүйек 2015 жыл.

«Қазпошта» ұлттық пошта операторы қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетовтің халықаралық ғарыш станциясына ұшу сапарына арналған марканы айналымға енгізді. «Қазпошта» баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, бес мың таралыммен айналымға енген марканың құны – 300 теңге.

Қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов ресейлік ғарышкер, кеме командирі Сергей Волков және бортинженер, даниялық Андрес Могенсонмен бірге биыл қыркүйекте «Союз ТМА - 18М» ғарыш кемесімен халықаралық ғарыш станциясына ұшқан.

Ресми мәлімет бойынша, сегіз күн ғарыш станциясына болған сапары барысында Айымбетов оннан аса сынақты, соның ішінде ғарыш мониторингі саласы бойынша, ғарыш сапарының экипажға әсері жайлы және физикалық-техникалық сынақтар жүргізген.