Ресейде алыс қашықтыққа көлікпен жүк тасымалы қызметін көрсететін азаматтар ел президенті Владимир Путинді жүк көліктерінен төлем алудың «Платон» атты жүйесінен бас тарту туралы мәселені бүкілхалықтық референдумге шығаруға шақырды.
Мәскеуде «Мега-Химки» сауда орталығы маңына жиналған жүк көліктері жүргізушілері федералдық автокөлік жолдарымен жүргені үшін салмағы 12 тоннадан асатын көліктерден төлем алуға қарсылық білдіріп, президент Путинге видео-үндеу жолдаған.
Онда наразылар «Конституция мәтінін қайта оқып шығып», елдің барлық азаматтарының мүддесін қозғайтын мәселелерге қатысты шешімді тек халықтың өзі ғана қабылдай алады деген байламға келгендерін мәлімдеген. Олар, сонымен бірге, сауалнама мәліметтері бойынша, ресейліктердің көбі өздерін қолдап отырғанын ескерткен.