Халықаралық журналистерді қорғау комитеті (Committee to Protect Journalists - CPJ) ұйымы Қытай мен Египет 2015 жылы әлемде журналистер ең көп түрмеге жабылған елдер тізімін бастағанын хабарлады. Ұйымның 15 желтоқсанда таратқан есебіне қарағанда, биыл әлемде түрмеге жабылған журналистер саны соңғы үш жылда болған рекордтық көрсеткіштен біртіндеп төмендеген.
Нью-Йоркте орналасқан ұйым биыл әлем бойынша 199 журналист кәсіби қызметіне байланысты түрмеге қамалғанын айтады. Өткен жылы 221 журналист қамалған.
Желтоқсанның 1-іне дейінгі көрсеткіш бойынша, Қытайда 49 журналист, Египетте 23, Иранда 19, Эритреяда 17, Түркияда 14 журналист түрмеге жабылған.
Постсоветтік елдер арасында журналистері ең көп түрмеге қамалған ел Әзербайжан болған. Бұл елде желтоқсанға дейін сегіз журналист түрмеге қамалған. Олардың арасында Азаттықтың Әзербайжан редакциясының журналисі Хадиджа Иамайыл да бар.
Өзбекстанда биыл төрт журналист, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстанда бір журналистен түрмеге жабылған.
CPJ Түркіменстан билігінің Азаттықтың Түркімен редакциясының журналисі Сапармамед Непескулиевті шілде айынан бері қамауда ұстап отырғанын да айтқан.
CPJ Ресейдің Ростов-на-Дону қаласында жергілікті блогер Сергей Резниктің қаңтар айында шенеунікке тіл тигізді және интернетте жалған шағым жасады деген айыппен 18 айға сотталғанын да айтады.