"Жібек жолы" кеден бекеті Сарыағаш қаласынан шамамен 20 километр қашықта орналасқан. Кейбір БАҚ оны "Қазақстанның оңтүстік қақпасы" деп сипаттайды.
"Жібек жолы" кеден бекетінің Қазақстан жағында шекарадан өтушілерге түрлі қызмет көрсетіп, нәпақасын айырып жүрген азаматтар көп. Олар жүк тасу, ақша айырбастау, тамақ пісіру, жолаушыларды айтқан жеріне жеткізу сияқты қызметтер көрсетеді.
Қазақстаннан Өзбекстанға өту үшін кезекке тұрған азаматтар. Кеден бекетінде әр азамат шекарашылардың қатаң құжаттық тексеруі мен электрондық сканерден өтеді. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы, 19 желтоқсан 2015 жыл.
Шекарадағы кеден бекеті тәулік бойы, үзіліссіз жұмыс істейді. Азаттық тілшісі кеденде болған екі сағаттай уақыт ішінде екі жақтан 150-ге жуық адам өтті. Бекет қызметкерлері мен күзетшілері БАҚ өкілімен байланысқа түсуден қашқақтайды. Олар тек таңертеңнен кешке дейін адам нөпірі азаймайтынын, кісі аяғы түнде ғана сирейтінін айтты. Азаттық тілшісі Қазақстаннан Өзбекстанға өтіп жатқандар қарасы мол екенін, олардың көбі еңбек мигранттарына ұқсайтынын байқады.
Кеден бекеті алдында түрлі кондитерлік өнімдер сатып тұрған саудагерлер.
Жүк арба сүйрейтін әйелдер.
Қазақстаннан Өзбекстанға бесік алып өтіп бара жатқан азамат. Кезек күтіп тұрған азаматтар Азаттық тілшісіне "кеденнен ірі сомадағы ақша алып өтуге тыйым салынғанын" айтты.
Кеден бекетіне баратын жолдың екі жағында 50-ге жуық ақша айырбастау пункттері жұмыс істейді. Олар теңгеден бөлек, сом, доллар және рубль сатады. Алайда айырбас пункттерінің қызметкерлері клиенттерді кеден бекеті алдынан, көшеде күтіп алғанды жөн көреді.
Өзбекстаннан Қазақстанға өткен азаматтарға теңге айырбастап беріп тұрған валюта пунктінің сатушысы. Бекетте бір теңге 16 сом тұрады. Мұнда көбінесе тек теңге мен сом (өзбек валютасы) сатылады. Валюта сатушылар бекет алдында "Теңге бар, сом бар" деп айғайлап тұрады.
Сауда орындарын аралап, нан сатып жүрген жергілікті тұрғындар.
Қазақстаннан Өзбекстанға өту үшін кез-келген азамат декларация толтырады. Бекетте жұмыс істеп жүрген әйелдер декларация парағын толтыруға 100 теңгеге көмектеседі. Оны толтыру кезінде Өзбекстан қабылдаған латын әліпбиін қолдану талабы қойылмайды.
Бекетте декларация толтырып отырған әйелдердің бірі.
Кеден бекетіндегі тамақ пісіретін орындардың бірі. Мұнда осындай тандыр пештерді әр жерден көруге болады.
Кеден бекетіндегі автотұрақ пен асханалар. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы, 19 желтоқсан 2015 жыл.
Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» кеден бекеті Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласынан 20 километр жерде орналасқан. Мұндағы тәртіп қатаң, Азаттық тілшісіне бекетті жақыннан түсірген жағдайда фотоаппараттың тәркіленуі мүмкін екені ескертілді. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы, 19 желтоқсан 2015 жыл.