Бағыс ауылы мен Өзбекстан шекарасының арасында жатқан тас жол. Өзбекстан шекарасы Шымкент жақтан келе жатқанда Бағыс ауылына төрт километр қалғанда көріне бастайды. Оң жақтан созыла жақындайтын шекара сымдары ауылға таяғанда жолмен қатарласады. Оңтүстік Қазақстан облысы Бағыс ауылы, 19 желтоқсан 2015 жыл.
Қазақстан-Өзбекстан шекарасы ауылдың дәл түбінен өтеді. Әр жерден шекара бақылау мұнаралары мен ондағы сарбаздар көзге шалынады. Тәртіп қатаң екені бірден байқалады.
Бағыс ауылы түбіндегі Қазақстан шекара қызметінің бақылау мұнарасында тұрған сарбаз. 19 желтоқсан 2015 жыл.
Бағыс ауылы Қазақстанға берілгенімен, Сарыағаш ауданы әкімдігі өкілдері «шекара туралы Өзбекстан мен Қазақстан келісімі әлі ратификацияланбағанын» айтады. Ал тұрғындар «картада жоқсыңдар» деп мектеп құрылысын тоқтатты, газ да тартпай отыр. Мал жаятын жер де тар, пайға берілген жер де жоқ, субсидия деген тіпті жоқ. Жұмыссыз жастар қалаға тентіреді» деген шағымдарын жеткізді.
Ауыл тұрғындары "70 жыл бұрын салынған бұл мектептің тозығы жетіп тұрғанын" айтады.
Ғани Мұратбаев атындағы ескі мектептің математика сыныбы. Бағыс ауылы, 19 желтоқсан 2015 жыл.
Бағыстықтар араларынан шығарып «би» сайлаған Абидулла Құсайынов «қолымызда жер актісі, техникалық паспорт сияқты үй-жай құжаттарының бәрі бар. Бірақ республиканың бірыңғай базасына енбей тұр. Ратификациялау жұмыстары бітпей ауылды абаттандыру жоспары да іске аспайды» дейді.
Бағыс ауылының тұрғындарына Қазығұрт ауданынан 163 гектар суармалы жер, 107 гектар жайылымдық жер бөлінген. Ал ауыл маңындағы ратификация күтіп, тіркелмей жатқан ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі - 550 гектар.
Суретте: есекпен қой бағып жүрген Бағыс ауылы тұрғыны. 19 желтоқсан 2015 жыл.
Ауыл балалары. 19 желтоқсан 2015 жыл.
Үйінің жанында отырған Бағыс ауылының ақсақалы. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, мұндағы халықтың 60 пайыздайының тұрмысы төмен. Жұрттың 10 пайызы ғана (мектеп, амбулатория – ред.) жұмыс істейді. Көп азаматтар жазда қалада жұмыс істеп келеді де, қыста тапқанын азық етеді. Тұрғындар ауыл жұрты арасында қыстық көмірін ала алмай, қиналып отырғандар бар екенін айтты.
Бағыстағы 210 үйдің 17-сі ғана мемлекеттік тіркеуге алынған. Қалған 190 үйді шекара келісімі ратификацияланбағандықтан, республикалық бірыңғай базаға енгізбей отыр. Сарыағаш аудандық әкімдігінің өкілдері ратификация аяқталмай Өзбекстаннан өткен жерлерге кадастр нөмірін бере алмаймыз дейді. Ал ауылдағы бөлек шыққан жас отбасылардың көбі осындай күрке тамда тұрып жатыр. 19 желтоқсан 2015 жыл.
Бағыста үйлеріне құлып салып, қалаға кетіп жатқандар көбейген. Бұл ауылдағы сондай үйлердің бірі.
Ауласында жұмыс істеп жүрген келіншек. Бағыс ауылы, 19 желтоқсан 2015 жыл.