Қазақстан Иранға 60 метрикалық тонна табиғи уран жеткізді

Еуропа Одағының сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могеринидің Астанаға келген сәті. Суретте ол Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен кездесіп тұр. Астана, 21 желтоқсан 2015 жыл.

Қазақстанның Иранға желтоқсанның 27-сі күні 60 метрикалық тонна табиғи уран жеткізгенін президенттің ресми сайты - akorda.kz желтоқсанның 30-ы күні хабарлады.

Бұл туралы сайтта жарияланған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Иранның ядролық бағдарламасы бойынша бірлескен іс-қимылдар жоспарын жүзеге асыру ісіндегі ілгерілеуге байланысты" мәлімдемесінде айтылған.

Мәлімдемеде "Еуропа Одағының сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могерини Қазақстанға халықаралық дәнекерлердің «алтылық тобы» (АҚШ, Германия, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция) мен Иранның бірлескен комиссиясының үйлестірушісі ретінде Иранның ядролық бағдарламасы бойынша бірлескен іс-қимылдар жоспарын жүзеге асыруға жәрдем беру жөнінде өтініш жасағаны" жазылған.

Бұдан ары Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды реттеудің халықаралық маңыздылығын ескере отырып, "Қазақстан «алтылық» пен Иранның бірлескен комиссиясының өтінішін қанағаттандыру жөнінде шешім қабылдағаны" айтылады. Мәлімдемеде "Сол шешім негізінде «алтылық тобын», Иран, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (МАГАТЭ) және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тиісті құрылымдарын үйлестіру арқылы осы елден тасып шығарылатын аз байытылған уран үшін қарастырылған өтем ретінде 2015 жылғы 27 желтоқсанда «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы коммерциялық шарттарға орай Иранға 60 метрикалық тонна табиғи уран жеткізді" деп жазылған.

Назарбаевтың мәлімдемесінде "Алматыдағы келіссөз кезеңдерінің нәтижелері екі жылдан кейін қабылданған Иранның ядролық бағдарламасы бойынша бірлескен іс-қимылдар жоспарына негіз болғанын мақтанышпен айта аламыз" дейді.