Киев пен сепаратистер бір-бірін айыптады

Донецк әуежайы маңында жүрген ресейшіл сепаратистер. (Көрнекі сурет)

Украинаның шығысындағы өзін-өзі жариялап алған Донецк халық республикасының өкілдері "украин әскері Донецк әуежайын миномет, гранатомет және атыс қаруымен атқылады" деп мәлімдеді. Донецк жаңалықтар агенттігінің хабарлауынша, 4 қаңтар күні таңертең екі сағат бойы Украинаның Опытное селосы жақтан оқ жауған.

Ал Украина армиясының Донбастағы штабының баспасөз орталығы "сепаратистер бір күнде 11 рет оқ атты" деп хабарлады. Жексенбі күні кешке украин әскерінің Широкино, Авдеевка, Троицкий мен Светлодарск аудандарындағы позициялары атқыланған. Украина жағы сепаратистердің дүйсенбі күні де Новгородское селосын бірнеше рет атқанын хабарлады. Украина әскерилері соңғы күндері сепаратистердің қарулы арандатулары сирегендерін айтады.

Донбастағы қақтығыс аймағында 22 желтоқсаннан бастап "Рождестволық татулық" келісімі жасалған.