АҚШ: ИМ өндіретін мұнай көлемі кеміді

АҚШ әскери ұшақтары Ирак аспанында. (Көрнекі сурет.)

«Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобына қарсы АҚШ-тың жетекшілігімен әскери операциялар жүргізіп жатқан шетелдік коалиция өкілдерінің мәлімдеуінше, әуе соққыларының нәтижесінде экстремистер бақылауындағы территориялардағы мұнай өндірісінің көлемі 30 пайызға кеміген.

Коалицияның баспасөз хатшысы, АҚШ қарулы күштері полковнигі Стивен Уорреннің хабарлауынша, соңғы үш айда мұнай өндірісі орындарына 65 рет әуеден мақсатты түрде соққы беріліп, тәулігіне өндірілетін мұнай көлемі 45 мың баррельден 34 мың баррельге дейін азайған.

Экстремистер Сирия мен Ирактағы әскери іс-қимылдарын қаржыландыру үшін заңсыз мұнай саудасымен айналысады. Былтыр қазан айында АҚШ экстремистердің қаржы көздерін жою мақсатында әуеден соққы беру тактикасын өзгертіп, жаңа санкциялар енгізетінін мәлімдеген. Уорреннің сөзінше, өткен айда әуе соққылары нәтижесінде ИМ тобының 2,5 мың содыры қаза тапқан. Ирак пен Сирия аумағында әрекет ететін экстремистердің жалпы саны 20-30 мыңдай деп саналады. Олардың арасында өзге мемлекеттерден барған шетелдіктер де бар.

Полковник Стивен Уорреннің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта ИМ тобы бұған дейін Иракта ықпалында ұстаған аймақтың 40 пайызынан және Сирияда бақылау орнатқан жердің 20 пайызынан айырылған.