Тегеран Эр-Риядтың үстінен БҰҰ-ға шағымданды

Сауд Арабиясында шииттер діни тұлғасы Нимр әл-Нимрге өлім жазасы орындалғанына наразылар. Тегеран, Иран, 8 қаңтар 2016 жыл.

Иран Сауд Арабиясын барша мұсылман-шиттерге қарсы өшпенділікті тұтатып отыр деп айыптады. Бұл туралы Иран сыртқы істер министрі Жавад Зариф БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунге жолдаған хатта айтылған. Тегеран аймақтағы жағдайды ушықтыруға мүдделі емес екенін, бірақ бұл уақытта Сауд Арабиясы Иран туралы «сандырақ» мәліметтер таратып, «қауіпті арандатуға» барып отырғанын айтады.

Зариф бұл оқиғалар Иран мен әлемдік державалар арасында Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша былтыр шілдеде келісім жасалған соң өрбіп жатқанын атап өткен. Иран саясаткері хатында Эр-Рияд ол келісімге қол қоюға қарсы болған дегенге меңзеген.

Сонымен бірге Жавад Зариф Сауд Арабиясы билігін қажыға барған ирандықтарға дөрекілік танытады деп айыптайды. Иран тату көршілік саясатын ұстанатындығына дәлел ретінде өзімен дипломатиялық қатынасты үзген Сауд Арабиясымен елшілік байланысты тоқтатпайтыны туралы шешімін келтірген.

Екі елдің өзара қатынасы қаңтардың 2-і күні Сауд Арабиясы елдегі шииттердің діни тұлғасы, терроризм айыбымен өлім жазасына кесілген шейх Нимр әл-Нимрге үкімді орындағаннан кейін ушығып кеткен еді. Әл-Нимрдің қазасына наразылар Иранның Тегеран және Мешхед қалаларындағы Сауд Арабиясы дипломатиялық өкілдіктеріне шабуылдаған соң, Эр-Рияд Тегеранмен дипломатиялық қатынасын үзетінін мәлімдеген.