Ресейдің "Газпром" компаниясы өткен жылы Еуропаға экспортталған газ көлемі Мәскеу мен Батыс елдері арасындағы шиеленіске қарамастан сегіз пайызға артқанын мәлімдеді.
"Газпром" басшысы Алексей Миллер компания 2015 жылы 159,4 миллиард текше метр газ экспорттағанын, оның көпшілігі постсоветтік елдерге тасымалданғанын мәлімдеді. Миллердің сөзінше, 2015 жылы газ экспортының көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 11,8 миллиард текше метрге артқан. Германияға газ тасымалдау 17,1 пайызға артып, 45,3 миллиард текше метрге жеткен. Францияға экспортталған газ көлемі 36,8 пайызға, Италияға экспортталған газ 12,6 пайызға, Ұлыбританияға газ тасымалдау 10,2 пайызға ұлғайған.
Газ экспорттау көлемі Еуропа Одағы Мәскеудің 2014 жылы наурызда Украинадан Қырым түбегін аннексиялап алуы мен Донбастағы сепаратистерге қолдау көрсеткені үшін санкция салған тұста артып отыр.
Еуропа Одағы Ресей газына тәуелділікті азайтуда біраз жетістікке жеткенін айтады. "Газпром" экспорттың ұлғаюы Еуропада газ өндіру көлемінің азайғанымен байланысты және бұл тенденция әлі сақталады дейді.