Депутаттар президенттен мәжілісті таратуды сұрады

Парламент мәжілісінің депутаты Владислав Косарев.

Қазақстан парламенті мәжілісі депутаттары президент Нұрсұлтан Назарбаевтан мәжілісті мерзімінен бұрын таратуды сұрады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Бүгін мәжіліс отырысында парламенттегі үш партия – «Нұр Отан», «Ақ жол» және «Қазақстан халықтық коммунистік партиясы» фракциялары атынан мәжілісті тарату туралы өтінішті депутат Владислав Косарев жасаған. Косарев депутаттардың бесінші шақырылған парламентті таратып, жаңа сайлау өткізуді сұрайтынын айтқан.

«Біріншіден, қазіргі мәжіліс өз міндетін орындап, ұлт жоспарының заңдық негізін құрды. Парламент 80 заң қабылдады. Қазір жаңа тарихи кезең туып келеді. Елде модернизация басталып жатыр және президент реформасының барлық бағыты бойынша іске асуы үшін партиялардың сайлаушылар тарапынан жаңа мандатқа ие болғаны маңызды» деген Косарев.

Сонымен бірге депутаттар президентке үндеуінде парламент сайлауын жергілікті мәслихаттар сайлауымен бірге өткізуді ұсынған.

Бесінші шақырылымдағы Қазақстан парламенті мәжілісі 2012 жылы қаңтарда сайланған.