Украинада биыл қыста доңыз тұмауы (H1N1) ауруынан 50-ден астам адам көз жұмды. Украин билігінің мәлімдеуінше, бұл - өткен жылғы көрсеткіштен 10 пайызға жоғары.
Украина денсаулық сақтау министрі Александр Квиташвили азаматтарды дүрлікпеуге шақырды. "Біз H1N1 эпидемияға айналатындай шекке жеткен жоқпыз. Жыл сайын қаңтарда тұмаумен ауыратындар саны өзінің шырқау шегіне жетеді" деді министр.
13 қаңтарда өткен министрлік жиынында Квиташвили тұмаудан көз жұмғандардың көпшілігі дәрігер көмегіне кеш жүгінгенін айтты. Оның сөзінше, дене қызуы көтерілгенде өздігінен ем қабылдамай, бірден дәрігер кеңесіне жүгіну қажет. Себебі кейбір дәрілер ауру байқалған алғашқы 48 сағатта әсер етеді.
Депутат Ирина Сысоеваның Facebook-те хабарлауынша, тұмауға шалдыққандардың көпшілігі Киев, Харьков, Винница мен Одессада тіркелген. Ол тұмаудан Одессада 28 адам, Винницада 28 адам қайтыс болғанын айтады. "Қазір ел тұрғындарының 5,7 пайызы тұмаумен ауырады. Олардың 70 пайызы - балалар мен аяғы ауыр әйелдер" дейді депутат.
Украина денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тұрғындардың тек 0,3 пайызы тұмауға қарсы екпе салдырған.