Астанада "алауыздық тудырды" деген айыппен сотталып жатқан азаматтық белсенді Болатбек Біләловтің сотында бүгін жарыссөз кезеңі басталды.
Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, жарыссөзде алғашқы сөз айыптаушы прокурор С.Әбдіхалықовқа берілді. Прокурор Біләловке қылмыстық кодекстің 174-бабының 2-тармағы бойынша тағылған айыпты осы баптың 1-тармағына ауыстырып, оның бас бостандығын бес жылға шектеуді сұрады. Ол мұндай жазаны Біләловтің кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескеріп сұрағанын айтты. 174-баптың 1-тармағы "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" деп аталады. Ал осы баптың 2-тармағы бойынша Біләлов "әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты" "алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адаммен жасаған немесе сол сияқты өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып не қоғамдық бiрлестiк лидері бола отырып жасаған" деп айыпталған болатын.
Мұнан соң сотта Болатбек Біләлов сөйледі. Ол өзінің кінәсін мойындайтынын айтып, айыпты 174-баптың 2-тармағынан 1-тармағына ауыстыруды сұрады. Біләлов бұл сотта "қоғамдық белсенділердің көпшілігі өзінің ісін жеке мақсаттарына пайдаланғысы келгенін, бұдан былай өзі үшін басты құндылық - отбасы екенін түсінгенін" мәлімдеді. "Мен қылмыстық ісімді саяси мақсатта және өзін жарнамалау үшін пайдалануға тыйым саламын" деді Біләлов.
Your browser doesn’t support HTML5
Одан кейін сөйлеген Біләловтің адвокаты Аманжол Мұхамедияров Біләловтің кінәсін мойындағанын және кәмелетке толмаған балалары бар екенін айтып, судья Назгүл Бапақовадан айыпты 174-баптың 2-тармағынан 1-тармағына ауыстыруды және жазасын жеңілдетуді сұрады.
Судья үкім бүгін кешке қарай жарияланатынын айтты.
«Демократия және адам құқығы институты» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі, қоғам белсендісі Болатбек Біләлов 2015 жылдың қараша айында тұтқындалған. Біләловті екі айға қамауға алу туралы қаулыны Астана қаласы Сарыарқа аудандық 2-соты 11 қараша күні шығарды. Оған «араздық тудыру» айыбы тағылған. Тергеушілердің пікірінше, белсенді бұл әрекетті «бұқаралық ақпарат құралдарының алдында, көпшілікке жария түрде жасаған».
Болатбек Біләлов Астанадағы сүрілуі тиіс үйлер тұрғындарының мүддесін сотта қорғаушы ретінде танымал болған. Сонымен бірге ол – ресейлік зымырандарды Байқоңырдан ұшыруға қарсы шығып жүрген «Антигептил» тобының белсендісі.