2006 жылы Лондонда қайтыс болған Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) бұрынғы офицері Александр Литвиненконы улау Ресей президенті Владимир Путиннің мақұлдауымен жасалған болуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Лондон жоғарғы соты жариялаған есепте айтылды.
Литвиненко 43 жасында Лондонда радиоактивті полоний-210 затымен уланғаннан бірнеше күннен кейін қайтыс болған. Ол қайтыс боларынан бірнеше күн бұрын өзін шайына қосылған умен "уланған болуым мүмкін" деген.
Лондон сотының судья-коронері Роберт Оуэн ұзаққа созылған жаулықтан Литвиненконы өлтіруді Путиннің өзі мақұлдағанын айтты.
Литвиненконың жесірі Марина Литвиненко британ тергеушілерінің есебіне көңілі толатынын айтты. "Күйеуімнің өлім аузында жатып Путинді айыптағанын ағылшын соты дәлелдеді" деді Литвиненконың жесірі.
Ұлыбритания ішкі істер министрі Тереза Мэй кейінірек британ парламентінің қауымдар палатасында жасайтын мәлімдемесінде Лондон сотының есебіне қатысты британ үкіметінің жауабын айтады.
Лондон жоғарғы соты Литвиненконың қазасына Ресей мемлекеттік думасының депутаты Андрей Луговой мен кәсіпкер Дмитрий Ковтун айыпты деп таныған. Бірақ олар бұл іске қатысы барын жоққа шығарады.
Британ тергеушілері бұған қоса Луговой мен Ковтун ФСБ-ның тапсырмасымен әрекет еткен болуы мүмкін екенін, ал Литвиненконың көзін жою операциясын ФСБ-ның сол кездегі директоры Николай Патрушев пен президент Владимир Путин мақұлдаған болуы ықтимал екенін айтады.
Reuters-тің хабарлауынша, Лондон соты есебіне қатысты Луговой өзіне тағылған айыпты "абсурд" деп атады.
Мәскеу бұған дейін Литвиненконың өліміне қатысты айыптауларды жоққа шығарып, істі қоғамдық тергеу "саяси мақсатпен" жүріп жатыр деген.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 20 қаңтарда қоғамдық тергеу есебінде Путиннің "мүддесіне қатысты мәселе жоқ" деп мәлімдеген.