BBC Ресей президенті Владимир Путиннің "коррупциялық қылмыстармен" және "қылмыстық элементтермен байланысы" туралы баяндайтын "Путиннің құпия байлығы" деп аталатын деректі фильм көрсетті. BBC-дің хабарлауынша, АҚШ Путинді "байлығын құпия ұстайтын, коррупцияға шатылған және серіктері мен жақындарының баюын ғана ойлайтын" адам деп санайды.
АҚШ қаржы министрлігінің терроризм және қаржылық қылмыс жөніндегі департаментінің басшысы Адам Шубин BBC-дің "Панорама" бағдарламасының деректі фильміне берген сұхбатында Путин көпшіліктен жасырын түрде байып жатыр деген.
"Біз оның серіктерін, жақын адамдарын байытып, өзі дос санамайтындарға мемлекеттік тетіктер арқылы шектеу қойып жатқанын көріп отырмыз. Путин байлық энергетикалық шикізаттан түсе ме, я шетелдермен жасасқан келісімнен түсе ме - барлығын өзіне қызмет етеді деп сенетіндерге бұрады. Ұнамағандарын сыртқа тебеді. Мен мұны коррупция деп санаймын" деген Шубин.
Шубин АҚШ Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) Путиннің байлығы 40 миллиард долларды құрайды деген 2007 жылғы баяндамасына қатысты түсінік беруден бас тартқан. Бірақ ол Путин өзінің байлығын азайтып көрсетіп отыратынын және АҚШ мұны көп жылдардан бері білетінін айтқан.
"Ол өзі жылына 110 мың АҚШ доллары сияқты аз ғана жалақы алатынын көрсетеді. Бұл бай адамның шынайы мәліметі емес" дейді Адам Шубин.
Кремль Путиннің байлығын жасыратыны туралы мәліметтерді жоққа шығарады. Путин бұған дейін бірнеше рет өзінің құпия байлығы туралы мәліметтерді "түкке тұрғысыз" деп санайтынын айтқан.
Путин 2014 жылы сәуірде табысын 7,65 миллион рубль (шамамен 119 мың доллар), "екі үйі бары" және "көлік тұрағында акциясы барын" көрсеткен.
2014 жылы наурызда АҚШ қаржы министрлігі Путин ұзақ уақыттан бергі серігі, АҚШ Қырымды аннексиялауға байланысты санкция салған Геннадий Тимченкомен тығыз байланысты екенін мәлімдеген. Ол кезде Тимченко Женевада орналасқан, әлемдегі мұнай саудасының 3 пайызын жүргізетін Gunvor компаниясы иелерінің бірі болған.
Gunvor компаниясы кейін бұл мәлімдемені жоққа шығарған.
Фильмде Путинге тиесілі делінетін сарайлар, яхталар мен жер телімдері де көрсетіледі. Фильм авторлары бұған қоса Путиннің достары және Ресей президенті байытты деген Ротенберг, Тимченко, Абрамович, Сечин, Миллер және басқалары туралы да айтылады.