Дания парламенті мигранттар мүлкін тәркілеуді мақұлдады

Данияның солтүстігінде жолда кетіп бара жатқан сириялық босқындар. Қыркүйек, 2015 жыл.

Дания парламенті елден босқын мәртебесін сұраған мигранттардан құны 1500 еуродан асатын бағалы заттарын полицияның тәркілеуіне рұқсат беретін жаңа ережені мақұлдады. Алынған бағалы заттар, билік мигранттардың ісін қарап, тиісті шешім шығарғанша, олардың жатын орны мен тамағының ақшасын өтеуге жұмсалады.

Былтыр Данияға 20 мыңға жуық мигрант барған. Бұл – Еуропа Одағына мүше елдер арасында жан басына шаққандағы ең жоғарғы көрсеткіш.

БҰҰ бас хатшысының өкілі Стефан Дуярич Дания билігінің шешімін сынап, «Еуропаға ұмтылған босқындарға аяушылықпен және құрметпен қарауға» шақырған. Ол бұған қоса босқындарға барлық тиісті құқығы берілуі тиіс екенін де айтқан. Дания оппозициясы жаңа ережені «жиіркенішті ұлтшылдық» және мигранттарды «үркітудің нышаны» деп атады.