Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мен Дүниежүзілік банк (ДБ) Әзербайжанға мұнай бағасының күрт арзандауынан тарта бастаған қиындықтарды еңсеруі үшін қаржылай көмек беруді қарастырып жатыр.
ХВҚ баспасөз хатшысының хабарлауынша, ХВҚ делегациясы Әзербайжан билігінің шақыруымен 28 қаңтардан 4 ақпанға дейін Бакуде болады.
Financial Times басылымы 27 қаңтарда ХВҚ мен ДБ басшылары Әзербайжанға 4 миллиард доллар шұғыл несие беруді талқылап жатқанын айтады.
Бірақ ХВҚ мен ДБ-ның ресми өкілдері Әзербайжанған нақты қанша қаржы берілетінін айтудан бас тартқан.
Әзербайжанда мұнай бағасының арзандауынан ұлттық валюта - манат бағамы құлдырап, халықтың наразылығы күшейген.
Желтоқсанда Әзербайжан орталық банкі манат бағамын ұстап тұрудан бас тартқан соң манаттың долларға шаққандағы құны үштен бірге құлдырап, әзербайжандықтардың көпшілігі банктердегі ақшаларын қайтарып алған.