Шымкенттік кәсіпкер Төлешов екі айға қамалды

Шымкент сыра зауыты. 30 қаңтар 2016 жыл.

Қаңтардың 30-ы күні Шымкентте полиция мен арнайы жасақ сарбаздарының операциясы кезінде ұсталған бизнесмен, "Шымкент сыра" компаниясының иесі Тоқтар Төлешов қамауға алынды. Бүгін Шымкентте өткен брифингте бизнесменнің адвокаттарының айтуынша, сот 2 ақпанда Төлешовті екі айға қамау туралы шешім шығарған.

Адвокаттарының мәліметінше, Төлешов қылмыстық кодекстің 266-бабы ("қылмыстық топтың әрекетін қаржыландыру, сол сияқты мүлікті сақтау, бөлу, қаржыландыру арналарын әзірлеу") және 297-бабы ("Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу") бойынша күдікті деп танылған.

Адвокаттар бірақ Төлешовтің үйі мен жұмыс орнын тінту кезінде қандай әдебиеттер табылды деген сұраққа жауап бере алмады. Адвокат Евгений Яворскийдің сөзінше, әзірге ішкі істер министрлігі "тәркіленген әдебиеттер" туралы ешқандай ақпарат бермеген.

Бұған дейін полиция бизнесменнің үйі мен жұмысын тінтуде "атыс қаруы, есірткілік заттар мен әдиебиеттер табылғанын" хабарлаған. Адвокаттар тінту кезінде қандай әдебиет табылғанынан хабарсыз екенін айтады.

Брифингте сөйлеген "Шымкент сыра" компаниясының өкілдері компанияның жұмысшыларға жалақыдан қарыз екенін, бірақ оның Төлешовтің ұсталуымен байланысты емесін айтқан.

Тоқтар төлешов 30 қаңтарда Шымкентте ұсталған. Ресми ақпар бойынша, онымен бірге тағы үш адам ұсталған. Полиция ұсталғандардың бірі іздеуде жүрген Сергей Калтаков есімді азамат екенін айтады. Басқа ұсталғандардың кім екені әзірге айтылмай отыр.