БҰҰ: Әйел және бала босқындар саны артты

Сербияға барған босқын әйелдер мен балалары. 2 ақпан 2016 жыл.

БҰҰ Таяу Шығыста босқындар дағдарысы басталғалы бері бірінші рет Еуропаға барып жатқан ерлерден әйелдер мен балалардың көп екенін хабарлады.

БҰҰ-ның балалар құқығы жөніндегі агенттігі - ЮНИСЕФ-тің мәліметінше, қазір Түркиядан Грекияға өткен босқындар мен мигранттардың 60 пайызға жуығын балалар мен әйелдер құрайды.

Өткен жылы маусымда Еуропаға барған босқындардың 73 пайызы ересек ерлер және онның тек біреуі ғана жасы 18-ден кіші болған.

ЮНИСЕФ-тің Еуропадағы босқындар мен мигранттар мәселесі жөніндегі үйлестірушісі Мари Пьер Пуарьенің айтуынша, Еуропаға жол тартқанда ең көп қауіп-қатерге әйелдер мен балалар ұшырайды.

31 қаңтарда Еуропа полициясы Еуропа елдеріне ата-анасы, я туыстарынсыз келіп, тіркелгеннен кейін 10 мың баланың тағдыры белгісіз екенін мәлімдеген.