АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Сюзан Райс Ресейді ядролық қаруды одан ары қысқарту туралы келіссөзді жалғастыруға шақырды. Райс Мәскеуге үндеуін ақпанның 5-і, АҚШ пен Ресей арасындағы ядролық стратегиялық шабуыл қаруларын одан ары қысқарту және шектеу жөніндегі шаралар туралы келісімнің (СНВ-3) күшіне енгеніне бес жыл толған күні жасады.
2010 жылы сәуірде АҚШ президенті Барак Обама мен Ресей презиенті Дмитрий Медведев қол қойған келісім 2011 жылы 5 ақпанда күшіне енген. Он жыл мерзімге арналған келісім, тараптардың келісімі бойынша, бес жылға ұзартыла алады. Құжатқа сәйкес, екі тараптың әрқайсысы ядролық оқтұмсықтарын 1550-ге дейін, құрлықаралық баллистикалық зымырандарды, ауыр бомбалаушы ұшақтар мен сүңгуір қайықтардағы баллистикалық зымырандар санын 700-ге дейін қысқартуы тиіс.
Бұл келісім 2009 жылы мерзімі аяқталған СНВ-1 келісімінің орнына қабылданған еді.
Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісінің мәлімдемесінде Кремльге осыдан бес жыл бұрын екі елдің ядролық қару-жарағын одан ары қысқарту жөнінде жаңа келіссөз бастау туралы АҚШ президенті білдірген идеяға жауап беру жайлы ұсыныс айтылған.