Ауғанстандағы шабуылдан 3 сарбаз қаза тапты

Шабуыл жасалған әскерилер мінген автобус. Балх, Ауғанстан, 8 ақпан 2016 жыл.

Ауғанстанның солтүстігіндегі Балх уәлаятында әскерилер мінген автобусқа жанкешті шабуыл жасап, үш сарбаз қаза тапты.

Уәлаят губернаторының баспасөз хатшысы Мунир Ахмад Фархадтың айтуынша, жанкешті 8 ақпан күні уәлаяттың Дахдади ауданында әскерилер көлігіне жаяу келіп шабуылдаған. Ол шабуылдан тағы 18 сарбаз жараланғанын айтады.

"Талибан" өкілі Забиулла Муджахид шабуылға жауапкершілікті мойнына алды.

"Талибан" содырлары соңғы айларда Ауғанстанда қауіпсіздік күштеріне шабуылын күшейткен. Балх уәлаяты бұған дейін өзге аймақтардан қауіпсіздеу саналып келген еді.

Елдің шығысындағы Нангархар уәлаятында билік орындары белгісіз қарулы адам президент сарайының күзетшісін өлтіргенін хабарлады.

Уәлаят губернаторы баспасөз хатшысы Аттаула Хогианидің хабарлауынша, күзетшіні өз үйінде өлтіріп кеткен. Шабуылдан бір адам жараланған.