Ресей оңтүстігіндегі әскерді тексеріп жатыр

Ресей әскері (Көрнекі сурет).

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгуге сілтеме жасаған "Интерфакс" агенттігі "Ресейдің Оңтүстік әскери округінде бүгін әскер дайындығын кенеттен тексеру басталды" деп хабарлайды. Тексеру әуе-десанты күштері мен әскери-транспорттық авиацияның жекелеген бөлімдерінде жүргізіледі. Әскери бөлімдер теңіз полигондарында іс жүзіндегі тапсырмаларды орындайды.

Оңтүстік әскери округтегі әскер Ресей президенті Владимир Путиннің жарлығы бойынша дайындыққа келтірілген. Тексеру кезінде әскердің әуеден жасалатын шабуылдарға дайындығы мен маңызды әскери және мемлекеттік нысандарды күзету қырағылығы тексерілмек.

Өткен жылы Ресей қорғаныс министрлігі әскери жаттығу мен әскерді кенеттен тексеруді көбейткен. Қыркүйектің ортасында Ресей "Центр-2015" деп аталған ең ауқымды әскери жаттығу өткізді. Оған 95 мың әскери қызметкер мен жеті жарым мыңға жуық қару-жарақ пен әскери техника, 170 ұшақ пен 20 кеме қатысқан.

Батыс елдері Ресейде әскери жаттығулардың көбейгеніне алаңдайды.