Мәскеу Сеулдің зымыраннан қорғаныс жүйесін орнатуын сынады

АҚШ-тың "Патриот" зымыраннан қорғаныс кешені (Көрнекі сурет).

Мәскеу АҚШ-тың Оңтүстік Кореяға озық зымыраннан қорғаныс жүйесін орнатуы аймақта "жаппай қарулану жарысын" туындатып, Корея түбегіндегі ядролық мәселені шешуді қиындататынын ескертті.

Ресей сыртқы істер министрлігі 10 ақпанда таратқан мәлімдемесінде Вашингтонды Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы мен зымыран сынауын өзінің Жоғары атмосферада орта қашықтықтағы зымыраннан қорғаныс жүйесін (THAAD) орналастыруға желеу етіп отыр деп айыптады.

Қытай да Оңтүстік Кореяға THAAD жүйесін орналастыру аймақтағы тұрақтылықты бұзады деп санайды.

Солтүстік Корея 7 ақпанда ғарышқа жер серігін тиеген алыс қашықтыққа арналған зымыран ұшырған соң АҚШ пен Оңтүстік Корея әскерилері Жоғары атмосферада орта қашықтықтағы зымыраннан қорғаныс жүйесін (THAAD) құру туралы келіссөз бастайтынын хабарлаған.

7 ақпанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі төтенше жиын өткізіп, Пхеньянның зымыран ұшыруын қатаң айыптаған. Қауіпсіздік кеңесі бұған қоса Пхеньянға қарсы қосымша жаңа санкциялар салатынын мәлімдеген.

Қаңтар айында Солтүстік Корея сутегі бомбасын сынақтан өткізгенін хабарлаған.