Сирияны қолдау тобына кіретін 17 мемлекет, БҰҰ мен Араб елдері лигасы Сирияда бітім орнату туралы келісім жасасты. Бітім бір аптадан соң күшіне енеді. Бұл туралы 12 ақпанға қараған түні Мюнхенде АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мәлімдеді. Ол Мюнхенде бес сағаттан астам уақыт бойы Ресей, Иран, Түркия, Сауд Арабиясы және басқа да елдердің сыртқы істер министрлерімен келіссөз жүргізген.
Керридің сөзінше, бұған қоса, тараптар Сирия үкіметі әскерінің қоршауында қалған қалалар мен елді мекендердегі жүздеген мың адамға гуманитарлық көмек жеткізуді жеделдетуге және оның көлемін арттыруға уағдаласқан. Бұл келісім ақпанның басында БҰҰ ұсынысымен басталып, өткен аптада үзіліп қалған Сирия бейбіт келіссөзінің қайта жалғасуына ықпал етуі мүмкін.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың айтуынша, АҚШ пен Ресей төрағалық ететін жұмысшы тобы бір апта ішінде бітім орнату туралы келісім шарттарын бекітеді. Бірақ америкалық ақпарат құралдары сілтеме жасаған сарапшылар "келісімнің орындалуын кейінге қалдыру Сирия үкіметі әскерінің Ресейдің қолдауымен көтерілісшілер позициясына шабуылын жалғастыруына мүмкіндік береді" дейді. Вашингтон келісім бірден күшіне енуін талап еткен. Мәскеу оны 1 наурызға қалдыруды қалаған.