Украина: Тағы бір партия коалиция құрамынан шықты

"Самопомощь" партиясының жетекшісі Олег Березюк.

Украинаның "Самопомощь" партиясының жетекшісі Олег Березюк партияның басқарушы коалиция құрамынан шығатынын жариялады. Осылайша премьер-министр Арсений Яценюк үкіметіне қысым күшейе түсті. Егер Яценюк үкіметі жедел өзіне одақтас таппаса, онда отставкаға кету қаупі төнеді.

Бірер күн бұрын Юлия Тимощенконың "Батькивщина" партиясы да басқарушы коалиция құрамынан шыққан. "Самопомощь" партиясының 26 депутаты кеткен соң Яценюктің партиясы мен президент Петр Порошенконың "Порошенко блогы" парламентттегі көпшілік позициясынан айырылады.

16 ақпанда министрлер кабинеті сенімсіздік вотумынан аман қалған. Парламентте сенімсіздік вотумына дауыс бергенге дейін Петр Порошенко "билікке деген сенімді қалпына клетіру" үшін Яценюк үкіметін отставкаға кетуге шақырған.

Березюктің сөзінше, үкіметті тарату әрекетінің сәтсіздікке ұшырауы "клептократия мен олигархияның" жеңісі болды. 17 ақпанда премьер басқарушы коалицияда ауыс-түйіс жасау қажетін айтып, саяси топтармен келіссөз жүргізетінін мәлімдеген. Парламенттегі 21 депутаттық орынға ие болған, бірақ коалициядан өткен жылы күзде шығып кеткен популистік "Радикалдық партия" жетекшісі партиясының альянс құрамына қайта қосылуға қарсы емес екенін білдірді.