Анкарада 17 ақпанда 28 адамның өмірін қиған терактіден кейін Түркия қауіпсіздік шараларын күшейтті.
Түрік премьер-министрі Ахмет Дәуітоглу елде, оның ішінде ең алдымен ел астанасы Анкарада полиция мен әскери патруль саны елеулі түрде ұлғайтылатынын жариялады. Алайда ол террорға қарсы жоспардың егжей-тегжейін ашып айтпады.
Сенбі күні үкімет отырысынан кейін сөйлеген сөзінде премьер-министр бұған дейін Анкарадағы жарылысты мойнына алған түркиялық күрдтердің ТАК қарулы тобының мәлімдемесін жоққа шығарып, «олар мұны сириялық күрдтердің «Демократиялық одақ» партиясы мен оның «Халықтық өзін өзі қорғау топтары» қарулы жасағын қорғау үшін айтты» деген.
Түрік үкіметінің жетекшісі АҚШ-ты сириялық күрдтердің қарулы жасағына қарсы күресте Анкараны сөзсіз қолдауға шақырды. Оның сөзінше, Вашингтон Түркияға қарсы жасалған кез-келген шабуылды АҚШ-қа шабуыл ретінде қарастыруы тиіс.
Түркия күштері күрд қарулы топтарына, соның ішінде Сирияның солтүстігінде президент Башар Асадты қолдайтын әскерге қарсы шайқасып жатқан күрдтер позицияларына соққы беруді жалғастырып жатыр.