Алматыда тергеу изоляторынан үйіне айдауылдар апарған азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев аштығын тоқтатты деп хабарлады Азаттыққа оның жұбайы Зоя Әбілдина. Ол Нарымбаев тауық сорпасын ішіп жатқанын және дәрігерлердің бақылауында емес екенін айтты. Facebook парақшасындағы жазбасы үшін "алауыздық тудырды" деген айыппен үш жылға сотталған Нарымбаев апелляциялық сотқа дайындалып жатыр. Апелляциялық шағымды қарау 29 наурызға белгіленген.
Зоя Әбілдинаның сөзінше, Ермек Нарымбаевты үйінде екі полицей күндіз-түні бақылап отырады. Нарымбаевтың бөлмесінде екі полицей бар.
22 ақпанда Алматы қалалық соты Нарымбаевты изолятордан үйқамаққа шығару туралы шешім шығарған. Сот адвокат пен Нарымбаевтың өкілдерінің қатысуынсыз өткен. Нарымбаевқа интернет пайдалануға, журналистермен сұхбаттасуға рұқсат жоқ.
Қазақстандық адам құқығы бюросы қызметкері Андрей Свиридов Азаттыққа өзінің бүгін Нарымбаевты көргенін хабарлады. Свиридов Нарымбаевтың пәтеріне барып қоңырауды басқанда есікті полицей ашқан. Полицей Свиридовқа пәтерге бөтен адамның кіруіне болмайтынын айтқан. Свиридов оған Нарымбаевтың әйелімен сөйлесетінін жеткізген, полицей оған Зоя Әбілдина жұмыста екенін айтқан. Свиридов осы сәтте полицейдің жанынан Ермек Нарымбаевты байқап қалып, бір-екі ауыз сөз айтып үлгерген. Бұдан соң полицей есікті жауып алған.
Ермек Нарымбаев пен тағы бір азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталин 22 қаңтарда "алауыздық тудырды" деген айыппен сотталған еді.