Атырауда бүгін таңертең облыстық сот алдында Артем Кахаев есімді азамат өзін-өзі өртемек болды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 25 ақпан күні сағат 10:20 шамасында болған. Жас шамасы айтылмаған азамат туыстарымен арада туындаған жер телімі мен үй дауына қатысты сот шешіміне наразылық ретінде өзін-өзі өртемек болған.
Сот мәліметінше, оқиға орнына жедел жәрдем шақырылып, дәрігерлер оның мойны мен оң қолын 2-3 дәрежедегі күйік шалған деп тапған.
Қазір бұл оқиға бойынша мәліметтер тергеу амалдарын жүргізу үшін полицияға берілген.
Ал Атыраудағы "Ақ Жайық" басылымының хабарлауынша, өзін-өртемек болған адам 29 жастағы Атырау тұрғыны. Жедел жәрдем қызметінде өзін-өзі өртемек болған азаматтың облыстық ауруханаға жеткізілгенін айтқан.
Қазақстанда соңғы айларда наразылық ретінде өзін-өзі өртеу оқиғасы жиіледі. Қазанның 24-і күні Тараздағы «Нұр Отан» партиясы ғимараты алдында 1995 жылы туған Ерлан Бектібаев деген азамат өзін-өзі өртеп, сол күні қалалық ауруханада қайтыс болған. Өзін өртер алдында ол мұндай жағдайға полиция қызметкерін кінәлап мәлімдеме жасаған еді.
Қараша айының басында Көкшетауда 1995 жылы туған ер адам өзін-өзі өртеген. 14 желтоқсанда Түркістанда 20 жастағы студент өзін-өзі өртеп, қайтыс болған.