АҚШ үкіметі Wall Street-тегі банктер мен компанияларға АҚШ-тың Мәскеуге салған санкциясына қайшы келіп қалмау үшін ресейлік облигациялар саудасына қатыспауға кеңес берді деп хабарлады ақпарат агенттіктері.
АҚШ мемлекеттік департаменті мен қаржы министрлігі банктерді Ресейдің 3 миллиард долларға тең облигациясын сақтандыру операциясы қарсаңында ескерту жасады.
Wall Street Journal-дың хабарлауынша, Ресей таяуда АҚШ-тың Goldman Sachs, JP Morgan және Morgan Stanley мен басқа да инвестициялық банктерді облигацияны сақтандыруға қатысуға шақырған. Ресей бұған қоса Еуропа мен Қытай банктерін де операцияға шақырған.
Ресейлік шенеуніктер мен компанияларға салынған қазіргі санкциялар банктердің жаңа сақтандыру бизнесінен қаржы табуына ашық тыйым салмайды. Бірақ агенттіктердің мәліметінше, АҚШ шенеуніктері Ресейге кез-келген қаржы жағынан көмек көрсету АҚШ саясатына қайшы келетінін ескерткен.
Ресей билігі АҚШ-тың банктерге жасаған ескертуін "қорқыту" деп айыптады. Ресей президентінің көмекшісі Андрей Белоусов АҚШ-тың ескертпесі Ресейдің қаржылық жоспарларын қиындатпайтынын мәлімдеді.
Ресей қаржы министрінің орынбасары Сергей Сторчак Ресейдің ұсынысына жауап қатқан банктер жеткілікті екенін және Ресейде таңдау көп екенін мәлімдеді.