Маңғыстау облысындағы Маңғыстау аудандық әкімдігінің аппараты жетекшісі мас күйінде көлік жүргізіп, әкімшілік жазаға тартылды. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне Маңғыстау аудандық сотының судьясы Жасұлан Салиев растады. Судьяның айтуынша, аудан орталығы - Шетпеде масаң күйде көлік жүргізген аудан әкімінің аппараты жетекшісі Лазым Жонасовқа қатысты сот шешімі 26 ақпан күні шыққан.
- Әкімшілік кодекстің 613-бабына сәйкес 20 күнге қамауға алынды. Оның әлі шешімге наразылық білідіретін алты күн уақыты бар, - деді судья.
Маңғыстау ауданы әкімі Жармағамбет Айтуаров аппарат әкімі жұмыстан сұранып, демалыста жүргендіктен, бұл жайттан бейхабар екенін айтты.
- Ол ұсталды ма, жоқ па - хабарым жоқ. Бізге қағазы келген соң оның мәселесін тәрітіптік кеңесте қарайтын боламыз, - деді әкім Азаттыққа.
35 жастағы Маңғыстау ауданы аппараты жетекшісі жазасын Ақтау қаласындағы уақытша қамау изоляторында өтеп жатыр.