Мәскеуде Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына орай шара өтті

Әлихан Бөкейханның 1906 жылы Петербургте түскен суреті.

ҚазАқпарат және ҚазТАГ агенттіктері 6 наурыз күні Мәскеуде қоғам және мемлекет қайраткері, «Алашорда» автономиялық үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған естелік шара өткенін хабарлады.

Сайт "шараны Ресейдегі Қазақстан елшілігі мен Мәскеудегі қоғамдық ұйымдар, қазақ және қазақстандық студенттер белсенділері ұйымдастырғанын, шара Донской қорымында сталиндік репрессия құрбандары жерленген бауырластар зиратына гүл шоқтарын қоюмен басталғанын" жазады.

ҚазАқпарат Әлихан Бөкейхан сүйегінің Мәскеудегі Донской зиратында жатқаны 670 репрессия құрбаны есімі жазылған «Атылғандардың тізімдері: Донской қорымы. 1934-1940» кітабы жарыққа шыққан соң белгілі болғанын жазған.

Шарада сөйлеген ресейлік тарихшы Дина Аманжолова «Ол мемлекеттік думаға сайланды, бірқатар жалпыресейлік ұйымдардың қатарында болып, жалпыресейлік мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарған, тек қана қазақстандық емес, жалпыресейлік көлемдегі саясаткер болған» деген.

Әлихан Бөкейхан 1937 жылы 71 жасында Мәскеуде Сталиннің бұйрығымен атылды.