Тайшыбеков ісі бойынша апелляция соты белгіленді

Блогер Ермек Тайшыбеков сот залында тұр. Қордай, 11 желтоқсан 2015 жыл.

Ресейшіл көзқарастарымен белгілі блогер Ермек Тайшыбековтің апелляциялық шағымын қарау 15 наурызға белгіленді, сот Таразда Жамбыл облыстық сотында өтеді. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Жамбыл облысы Қордай ауылынан Тайшыбековтің адвокаты Анатолий Окуньков хабарлады. Окуньковтің сөзінше, оған сотқа шақыртуды апелляциялық алқа судьясының хатшысы Светлана Яковлева жіберген. Жамбыл облыстық сотының апелляциялық алқасы Азаттыққа Окуньковтің сөзін растады.

Ермек Тайшыбековті Қордай аудандық соты өткен жылы 11 желтоқсанда әлеуметтік желідегі жазбасында ұлттық араздықты тудырды деп айыптап, төрт жылға соттаған. Ол апелляциялық шағым беріп, ол әуелде 8 ақпанда қаралады деп белгіленген.

Бірақ Жамбыл облыстық соты апелляциялық алқасының судьясы Нұрлан Жұмағұлов бірінші инстанция сотында Тайшыбековтің процестің видео жазбасымен және хаттамасымен танысу құқығы бұзылды деген. Жұмағұлов 1 ақпанда бұл заң бұзушылықты жою үшін Тайшыбековтің ісін аплляциялық инстанция қарауынан алып, бірінші инстанция сотына қайтарған.

Тайшыбеков өзінің іс-әрекетінде қылмыс болды деп санамайды. Оның пікірінше, өзіне қатысты істің саяси астары бар. Ол бұған қоса апелляциялық соттан үкімнің түрмеде отыру жазасын өзгеріссіз қалдырса да, барлық ақпараты сақталған ноутбугын жою туралы үкімді өзгертуді сұрайды. Тайшыбеков егер ноутбугы жойылса онда жоғарғы сот инстанцияларында өзіне қатысты үкімнің "заңсыз екенін" дәлелдей алмай қалатынын айтады.