Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы (ААФ) қазақстандық атлет Фаина Сиванбаеваның "допингке қарсы ережені бұзғаны үшін" жарыстарға қатысу құқығынан өмір бойы айырылатынын хабарлады.
ААФ-тің хабарлауынша, бұл шешімді Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) зертханада жасаған сараптама нәтижесіне сүйеніп қабылдаған. ААФ таратқан мәлімдемеде Сиванбаевадан 2015 жылы Таиландта өткен Азия біріншілігіне қатысқаннан кейін алынған "А" допинг бақылауы сынамасында тыйым салынған анаболикалық стероид табылғаны айтылады. "Ішкі тексеру қорытындысы оның аталған препаратты әдейілеп қолданғанын көрсетті" делінген федерация ақпаратында.
Кейін жергілікті допингке қарсы зертхана Сиванбаевадан 5 қазанда Қазақстанда өткен жарыстан соң алынған сынамада "анаболикалық андрогендік стероид тобына жататын тыйым салынған зат барын" анықтаған.
Фаина Сиванбаева бұған дейін де "допингке қарсы ережені бұзды" деп айыпталған. Ол 2012-2014 жылдары допинг қолданғаны үшін жарыстан шеттетілген.