"БТА Банктің" бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтің әйелі Алма Шалабаева мен адвокаттары Франция билігін оны Ресейге экстрадицияламауды сұрады деп хабарлады Associated Press агенттігі.
Қазақстандық «БТА банктің» бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов 2013 жылдың жазынан бері Францияның оңтүстігінде Украина мен Ресейдің қаржылық алаяқтық туралы айыптауы негізінде қамауда отыр. Қазақстан билігі Әблязовті "банктің 6 миллиард қаржысын жымқырды" деп айыптап, іздеу жариялаған. Қазақстан азаматтарын экстрадициялау туралы Астана мен Париждің арасында келісім жоқ.
Бұған дейін Франция соты Мұхтар Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы шешім шығарып, Франция премьер-министрі Мануэль Вальс тиісті жарлыққа 17 қыркүйекте қол қойған. Бірақ Әблязовтің адвокаттары бұл шешімнің үстінен Франция мемлекеттік кеңесіне шағымданған.
Агенттіктің ақпаратына қарағанда, Алма Шалабаева 16 наурызда Парижде өткен баспасөз жиынында Ресейде Мұхтар Әблязовке сот әділ өтпейді деген. "Оның Қазақстанда тірі қалуға ешқандай мүмкіндігі жоқ" деген Шалабаева.
Ал адвокаттары Әблязов Ресейге қайтарылса онда ол бірден Қазақстан билігіне тапсырылуы мүмкін деген қауіп барын айтып, Франция мемлекеттік кеңесін Әблязовті экстрадициялау шешімін болдырмауға шақырған.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ашық сынайтын Мұхтар Әблязов өзіне тағылған айыптардың саяси негізі бар деп санайды.
Наурыздың 11-і күні Францияның апелляциялық соты Мұхтар Әблязовтың адвокаттарының оны Ресей немесе Украинаның біріне экстрадициялау ісі қаралатын қалған уақытқа қамаудан босату туралы өтінішін қанағаттандырмай тастаған.