Оппозициялық Nakanune.kz сайты редакторы, журналист Гузяль Байдалинованы қамау мерзімі 23 сәуірге дейін ұзартылды. Сайт журналисі Оксана Макушинаның Facebook-те хабарлауынша, бұл туралы шешімді 17 наурыз күні Алмалы аудандық соты судьясы Алма Әбдіхалықова шығарған. "21.30... Судья Әбдіхалықова Гузяль Байдалинованы қамау мерзімін төрт айға, 23 сәуірге дейін ұзартты" деп жазды Макушина.
Осы апта басында Байдалинованың адвокаты Инесса Кисилева Алматыдағы баспасөз жиынында журналисті қамау мерзімі 23 наурызда аяқталуы тиіс екенін, бірақ ол ұзартылуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Байдалинова 23 желтоқсанда "Казкоммерцбанкке" қатысты тапсырыспен материалдар жариялау ісіне байланысты пәтеріне және Nakanune.kz сайтының редакциясына жасалған тінтуден соң ұсталған. Кейін оның "Казкоммерцбанкке" қатысты көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты деген күдікке ілінгені хабарланған. Сот оны кепілге босатудан бас тартқан. Ол Алматыда тергеу абақтысында қамауда отыр.